Алматы қаласында ОҚКА дәрігерлері төртінші қабаттан құлаған пациенттің өмірін сақтап қалды

Алматы қаласындағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада төртінші қабаттан құлағаннан кейін шұғыл түрде жеткізілген пациентке күрделі операция жасалды.

Ауруханаға түскен кезде әйелдің жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Оған II дәрежелі кома, артериялық қан қысымының сыни деңгейге дейін төмендеуі, жарақаттық және геморрагиялық шок, жамбас сүйектерінің көптеген сынуы, сондай-ақ кеуде қуысының ауыр жарақаты диагнозы қойылды.

Ең алдымен медициналық топ ағзаның өмірлік маңызды функцияларын тұрақтандыру бойынша қажетті шараларды жүргізді. Жалпы жағдайы жақсарғаннан кейін пациент хирургиялық араласуға дайындалды.

Жамбас сүйектеріне остеосинтез операциясын ОҚКА травматолог-ортопедтері Даулет Чукманов пен Нуржан Нуралы жасады.

Анестезиологиялық сүйемелдеуді Асхат Ораз қамтамасыз етті. Хирургиялық араласу барысында зақымдалған сүйек құрылымдары арнайы металл пластиналар мен бұрандалардың көмегімен бекітілді, бұл жамбастың тұрақтылығын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Операциядан кейінгі екінші тәулікте-ақ пациенттің қимыл-қозғалыс белсенділігі басталды. Медициналық топтың үйлесімді жұмысы мен кейінгі емнің арқасында оның жағдайы біртіндеп жақсарды.

18-тәулікте пациент қанағаттанарлық жағдайда стационардан шығарылды.

Бұл жағдай шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсетудің, медицина мамандары кәсібилігінің және ауыр қосарласқан жарақаттары бар пациенттерді емдеуге кешенді тәсіл қолданудың маңыздылығын көрсетеді.

Алматы қаласында ОҚКА дәрігерлері төртінші қабаттан құлаған пациенттің өмірін сақтап қалды