Алматыда дәрігерлер 33 жастағы науқастың көзін сақтап қалды

Науқасқа бес ай бұрын IV дәрежелі кератоконусқа байланысты мөлдір қабық трансплантациясы жасалған.

Аурудың үдеуіне байланысты пациенттің көру қабілеті айтарлықтай төмендеген. Осыған орай оған хирургиялық ем қажет болған. Операцияны аурухананың офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова жүргізді.

Трансплантациядан кейін бес ай өткен соң пациент бақылау тексеруінен өтті. Мамандар мөлдір қабықтың жағдайын оң бағалады. Науқас ем көрсеткен дәрігерлерге алғысын білдіру үшін ауруханаға арнайы келген.

“Біз үшін әр операцияның артында нақты адамның тағдыры тұр. Әсіресе жас пациенттерге көру қабілетін сақтап, толыққанды өмір сүруіне, білім алуына, еңбек етуіне және болашаққа жоспар құруына мүмкіндік беру аса маңызды”, –  дейді офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова.

Мөлдір қабықты трансплантациялау – офтальмохирургиядағы күрделі бағыттардың бірі. Операция жоғары білікті мамандарды, заманауи хирургиялық технологияларды және кейінгі ұзақ бақылауды қажет етеді.

Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында мұндай операциялар донорлық бағдарлама аясында жасалады. Жыл басынан бері аурухана мамандары 15 мөлдір қабық трансплантациясын орындаған.

Алматыда дәрігерлер 33 жастағы науқастың көзін сақтап қалды