Көздің ішкі қабығының түсуі, торлы қабықтың ажырауы және соқырлық қаупі: алматылық дәрігерлер 69 жастағы науқастың көру қабілетін сақтап қалды
  Орталық қалалық клиникалық ауруханаға ауыр көз жарақатымен 69 жасар ер адам түсті. Науқастың айтуынша, ол үстелдің бұрышына соғылып, нәтижесінде көзіне қатты зақым келген. Диагноз өте күрделі болды: склераның жарылуымен көз алмасының ауыр соғылуы, көздің ішкі қабығының түсуі, жарақаттан кейінгі афакия, аниридия, гемофтальм және торлы қабықтың ажырауы. Дәрігерлер кезең-кезеңімен көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бірінші кезеңде склера жарасына алғашқы хирургиялық ем жүргізілді. Келесі кезеңде силикон енгізумен витрэктомия, торлы қабықтың лазерлік коагуляциясы (ЭЛКС) және иридохрусталдық диафрагманы имплантаттаудың бірегей процедурасын қамтитын жоғары технологиялық ота жасалды. Науқас үшін арнайы жасанды көз айнасы мен линза жиынтығы әзірленді. Отаны офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова жүргізді. Мамандардың жоғары кәсібилігінің арқасында науқастың көру қабілеті сақталып, визуалды функциялары қалпына келтірілді. Отадан кейін науқас дәрігерлерге шын жүректен алғысын білдірді: “Орталық қалалық клиникалық аурухананың бүкіл ұжымына, әсіресе Гүлзат Абдраимоваға алғысымды білдіремін. Диагноз үкім сияқты естілді, бірақ дәрігерлер мені өз бақылауына алып, мүмкін емес нәрсені жүзеге асырды – маған көру қабілетін қайтарды. Ота күрделі болды, бірақ дәрігерлердің шеберлігінің арқасында мен қайта көре аламын. Олар маған толыққанды өмір сыйлаған нағыз өз ісінің кәсіби мамандары. Дәрігерлердің қажырлы еңбегі, қамқорлығы мен мейірімі үшін көп рахмет. Оларға науқас атаулыға көмектесу үшін көп күш пен зор денсаулық тілеймін!”. Айта кетейік, ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүргізілді және жоғары технологиялық процедура санатына жатады.  
Көздің ішкі қабығының түсуі, торлы қабықтың ажырауы және соқырлық қаупі: алматылық дәрігерлер 69 жастағы науқастың көру қабілетін сақтап қалды