Алматылық дәрігерлер науқасты ауқымды ишемиялық инсульттен құтқарды

Он күн қарқынды емдеу нәтижесінде науқастың көрсеткіші айтарлықтай жақсарғаны байқалды

Алматылық дәрігерлер 42 жастағы науқасты ауқымды ишемиялық инсульттен құтқарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

1982 жылы туған 42 жастағы әйел ауқымды ишемиялық инсульт диагнозымен Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Қабылдау бөліміне түскен науқаста сол аяқ-қолының толық сал ауруы, сөйлеу мен жұтынудың ауыр бұзылысы, сондай-ақ беттің айқын асимметриясы байқалды.

Меңгеруші Азиз Исмаиловтың басшылығымен инсульт бөлімшесі командасы дереу науқасты аман алып қалуға кірісті. Тромболитикалық терапия жүргізілген соң, тромбэкстракция жасалды, бұл мидың қанмен қамтамасыз етілуін қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Он күн қарқынды емдеу нәтижесінде науқастың көрсеткіші айтарлықтай жақсарғаны байқалды: қозғалыс белсендігі мен сезімталдық, сөйлеу қабілеті, жұтыну функциясы толығымен қалпына келді.

“Қазір науқас өзіне өзі толықтай қызмет ете алады, қозғалыс белсендігі толық қалпына келді. Енді алда оңалту кезеңі бар”, – деді Азиз Исмаилов.

Дәрігердің айтуынша, инсульт әлемдегі өлім мен мүгедектіктің негізгі себебінің бірі болып қала береді. Заманауи емдеу медициналық көмекке уақтылы жүгінгенде сәтті қалпына келтіру мүмкіндігін арттырады.

Азиз Исмаилов инсульт айтарлықтай “жасарғанын” атап өтті. Осыған байланысты ол жүрек-қан тамырларының жағдайын, қан қысымын, қандағы қант пен холестеринді бақылауды, белсенді өмір салтын ұстануды және жаман әдеттерден бас тартуды ұсынады.

Алматылық дәрігерлер науқасты ауқымды ишемиялық инсульттен құтқарды