Алматылық дәрігерлер бірегей ота арқылы науқастың өмірін сақтап қалды

ОҚКА дәрігерлері науқас қолқасының бір бөлігін жасанды түрге ауыстырды

Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері қолқаның бір бөлігін жасанды түрге ауыстырып науқастың өмірін сақтап қалды.

ОҚКА-ға 1973 жылы туған, атеросклероз, іштің аорта инфарреналды аневризмасы, ауырсыну синдромы, орташа ауырлықтағы темір тапшылығы анемиясы, екі жақты орташа-ауыр пневмония, 2 дәрежелі артериялық гипертензия, туа біткен жүрек ақауы (атриалды перде ақауы), өкпе гипертензиясы, созылмалы жүрек жетіспеушілігі деген ауыр диагнозы бар науқас түсті. Аталған аурулардың ішінде өмірге қауіп төндіретін негізгі диагноз іштегі аорта аневризмасы болды. Шұғыл ота жасалмаған жағдайда науқастың қайтыс болу қаупі басым болды.

Жалпы анестезия және өкпені механикалық жасанды желдету аппаратымен тамырлы хирургтар жалпы лапаротомия отасын жасады.

“Ота кезінде іштің қолқа аймағында 8×10 см солқылдаған түзілім анықталды. Аневризма ұршық тәрізді болды, оның қабырғаларында тромбоздық және атероматозды массалар болды. Біз қолқа мен мықын артерияларын бөліп алдық, тамырлы қысқыштарды қолдандық, аневризмалық қапты ашып, ішіндегі патологиялық құрамды алып тастадық. Содан кейін 16-8 мм аллопротез орнатылды,  тамырлар “ұшы ұшына” әдісімен біріктірілді. Іш қуысы санацияланып, кіші жамбас құрғатылды, жара қабаттап тігілді”, – дейді тамырлы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рахман Сапарбаев.

Күрделі отаның барлық кезеңі сәтті өтті, тамырдағы қан ағымы толығымен қалпына келтірілді. Тамырлы хирургтар мен анестезиологтар тобының үйлесімді жұмысының арқасында науқастың өмірі сақталды. Қазір науқас тұрақты күйде және мамандардың бақылауымен оңалту курсынан өтіп жатыр, науқастың өміріне қауіп жоқ.

Алматылық дәрігерлер бірегей ота арқылы науқастың өмірін сақтап қалды