Алматылық дәрігерлер бұғана сүйегін қалпына келтіру отасын сәтті аяқтады

Дәрігердің айтуынша, мұндай күрделі операциялар жоғары дәлдікті әрі мамандардың үйлесімді командалық жұмысын талап етеді.

Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасына қайталама бұғана сүйегінің сынуымен науқас шұғыл түрде жеткізілді.

Жағдайдың күрделілігі — оған бұған дейін басқа клиникада үш рет ота жасалғанымен, күткен нәтиже бермеген: сынған жерде жалған буын қалыптасып, қолдың қызметі айтарлықтай бұзылған.

Жалған буын — бұл сүйек сынғаннан кейін дұрыс бітіспеген кезде дамитын асқыну. Сынған аймақта буынға ұқсас қозғалмалы байланыс пайда болады, бірақ ол сүйектің қалыпты қызметін атқармайды, керісінше ауырсыну, деформация және қозғалыстың шектелуіне әкеледі.

Травматологтардың алдында тұрған басты міндет — сүйектің бүтіндігін қалпына келтіріп, науқастың қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік беру болды.

ОҚКА дәрігерлері остеосинтез бен аутопластика жасауға шешім қабылдады. Ол үшін сүйек материалы мықын сүйегінен алынып, сынған бұғана  аймағына  салынды.

Ота сәтті өтті. Оны травматолог-ортопед Даулет Чукманов жасады. Дәрігердің айтуынша, мұндай күрделі операциялар жоғары дәлдікті әрі мамандардың үйлесімді командалық жұмысын талап етеді.

“Мұндай операциялар бұрынғы оталар нәтиже бермеген жағдайда да сүйектің анатомиясын және қызметін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл науқас үшін ауырсынусыз, қозғалысы шектелмеген, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік”, — деп атап өтті маман.

Даулет Чукманов қазіргі остеосинтез әдістері мен науқастың өз тіндерінен алынған аутотрансплантатты қолдану жақсы клиникалық нәтижелерге қол жеткізуге және асқынулардың алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты.

Науқас үшін бұл ота тек ұзақ уақыт бойы мазалаған ауырсынудан арылу ғана емес, сонымен қатар толыққанды өмір сүруге деген жаңа үміт сыйлады.

Алматылық дәрігерлер бұғана сүйегін қалпына келтіру отасын сәтті аяқтады