Алматы қаласы ОҚКА-да алғаш рет нейрохирургиялық бірегей OLIF отасы жасалды. Алматы ОҚКА озық технологияларды игеріп жатыр: алғашқы OLIF оталары

2024 жылғы қарашаның 26-сында Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасында (ОҚКА) OLIF (Oblique Lumbar Interbody Fusion) әдістемесі бойынша алғашқы оталар жасалды.

OLIF бойынша шеберлік сабағы Алматыда мамандарды озық әдістемеге оқыту мақсатында алғаш рет өткізілді.

Бұл инновациялық шағын инвазивті тәсіл омыртқа ауруларын емдеуде жаңа мүмкіндіктер ашты.

OLIF немесе “қиғаш бел аралық фиксация” омыртқааралық дискілерді қалпына келтіру және омыртқаның дегенеративті өзгерісі, грыжа дискілері, спондилолистез, сколиоз және кифоз сияқты патологиялар кезінде омыртқаны орнықтыру үшін қолданылады.

Бұл әдістеме араласу барысындағы жарақаттану қаупін айтарлықтай төмендетеді әрі қалпына келтіру барысын жеделдету және оңалту кезеңін айтарлықтай оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Оталарды Қазақстанның жетекші нейрохирургтары: Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы (ҰНҒО) Жұлын нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас жұлын нейрохирургы – Талғат Керімбаев және Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Алматов өткізді.

“OLIF бұлшықет пен байламды сақтай отырып, шағын ғана кесу арқылы ота жасауға мүмкіндік береді. Бұл қан жоғалтуды және асқыну қаупін айтарлықтай азайтады әрі науқастың отадан кейінгі келесі күннен бастап белсенді өмірге оралуына мүмкіндік береді. Мәселен шеберлік сабағы аясында біз L4-L5 деңгейінде бел тұрақсыздығы бар науқастарда омыртқааралық дискіні ауыстыру оталарын жасадық. Орнатылған импланттар омыртқаны тұрақтандырып қана қоймай, сонымен қатар физиологиялық тұрғыдан дұрыс орналасуды қамтамасыз етті. Мұндай әдіс науқастардың қалыпты өмір салтына тезірек оралуына көмектеседі”, – деп атап өтті Талғат Керімбаев.

Сонымен қатар оталық микроскоп пен арнайы жабдықты қолдана отырып, жұлын ісігін жою бойынша үш ота жасалды.

Шағын ғана қолжетімдік арқылы ісікті алып тастау науқасқа бір күннен кейін аяғынан тұрып кетуге мүмкіндік береді. Барлық жүргізілген ота сәтті өтті және пациенттер өзін жақсы сезінеді.

Марат Алматов медициналық мекемеге озық технологияны енгізудің маңызын атап өтті:
“ОҚКА-дағы алғашқы OLIF оталары – алға жасалған маңызды қадам. Кеше ауырсыну мен қозғалыстың шектелуінен зардап шеккен науқастар бүгін ауруханадан үйге шығуға дайындалып жатыр. Бұл қазіргі заманғы озық технологиялық тәсілдердің қаншалықты тиімді екенінің көрсеткіші”, – деп толықтырды нейрохирург Марат Алматов.

Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасы жоғары технологиялық медициналық көмектің бағытын дамытуды жалғастырып, оны Алматы қаласы және Қазақстанның басқа өңірлерінің тұрғындары үшін қолжетімді етеді.

Алматы қаласы ОҚКА-да алғаш рет нейрохирургиялық бірегей OLIF отасы жасалды. Алматы ОҚКА озық технологияларды игеріп жатыр: алғашқы OLIF оталары