
Бүгін Алматыда денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрлық шешімдер бойынша Қазақстандағы алғашқы Құзырет орталығы ашылды. Ол Орталық қалалық клиникалық аурухананың Телемедицина орталығы базасында құрылып, қаладағы медициналық ұйымдарды цифрландыру жұмыстарын үйлестіреді.
Орталықты құру қажеттілігі медициналық ұйымдардың әртүрлі цифрлық платформаларды пайдалануымен және олардың өзара үйлесімділігінің әрдайым қамтамасыз етілмеуімен байланысты. Сонымен қатар жекелеген ұйымдарда ұқсас жүйелердің қатар сатып алынуы бюджет қаражатының қайталанып жұмсалуына әкелуі мүмкін.
Жаңа орталық бірыңғай цифрлық шешімдер тізілімін жүргізеді, сатып алу рәсімдері басталғанға дейін ұсынымдар береді және әдістемелік қолдау көрсетеді. Бұл қаражатты тиімді пайдалануға, жинақталған тәжірибені ескеруге және өзара үйлесімді технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Жоспарланған цифрлық шешімді тіркеу бір жұмыс күнін, ал оны қарау бес жұмыс күніне дейінгі уақытты алады. Орталық қолданыстағы Телемедицина орталығының базасында, жаңа заңды тұлға құрмай және қосымша қаржыландыру бөлмей ашылды.
Айта кетейік, Телемедицина орталығы COVID-19 пандемиясы кезінде өз жұмысын бастаған. Содан бері ол қала тұрғындары мен медициналық ұйымдар арасындағы маңызды байланыстырушы буынға айналды.
1312 тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс нөмірі арқылы қала тұрғындары анықтамалық ақпарат алып, медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша жүгіне алады, шағым қалдырып немесе алғыс білдіре алады.
Алты жыл ішінде орталық шамамен 3,8 млн қоңырауды өңдеп, 348 мың өтінішті тіркеген. COVID-19 инфекциясымен ауырған 175 мың пациент пен 37 мың жүкті әйел динамикалық бақылауда болған.
Бүгінде орталық мамандары стационардан шыққаннан кейін жүкті әйелдерді, нәрестелер мен балаларды бақылау жұмыстарын да үйлестіреді.
Орталық жұмысының нәтижесінде мемлекеттік емханаларға қатысты шағымдар саны 76%-ға азайды. Сондай-ақ стационардан шыққан балаларды уақтылы тексеру және нәрестелерге патронаждық бақылау жүргізу көрсеткіштері жақсарды.
Тұрғындар үшін бұл медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың үйлесімділігін, ақпарат алмасудың жеделдігін, сондай-ақ заманауи цифрлық технологиялар арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының артуын білдіреді.




