
Қазақстанда келесі жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының учаскелік қызметіндегі 77 мың қызметкерге үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты жыл сайынғы Жолдауында мәлімдеді.
«Біз медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесін жаңғыртуға да ерекше назар аударып отырмыз. Осыған байланысты жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды. Үкіметке келесі жылғы 1 қаңтардан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын көбейтуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қосымша ақының мөлшері еңбек өтілінің ұзақтығына байланысты белгіленеді. Ол лауазымдық жалақының 50 пайызына дейін жетуі мүмкін.
Қосымша ақының мынадай мөлшерлерін белгілеу ұсынылады:
* 2 жылдан астам үздіксіз еңбек өтілі үшін – лауазымдық жалақының 20%-ы;
* 3 жылдан астам еңбек өтілі үшін – 30%-ы;
* 5 жылдан астам еңбек өтілі үшін – 50%-ы.
Жаңа шара медициналық кадрларды, ең алдымен, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары мен ауылдық медициналық ұйымдарда тұрақтандыруға бағытталған.


