Коксартроз диагнозы қойылған науқасқа жамбас буынын ауыстыру отасы сәтті жасалды
Коксартроз — буын ауруларының ең кең таралған түрлерінің бірі.

Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жоспарлы түрде бірнеше жыл бойы жамбас буынындағы қатты ауырсынуға шағымданған әйел адам түсті. Ауырсыну оның қозғалу қабілетін қатты шектеген: науқасқа жүру және күнделікті үй шаруаларын атқару қиын болған.

Медикаментозды ем мен физиотерапия көмектеспегендіктен, жалғыз шешім — операция жасау болды.

Травматолог-ортопед Саламат Тойымбетовтың айтуынша, коксартроз — буын ауруларының ең кең таралған түрлерінің бірі. Ауру біртіндеп дамып, шеміршек тінінің бұзылуына және қозғалыстың шектелуіне әкеледі. Кейінгі сатыларда науқас мүлде жүре алмай қалуы мүмкін.

— Бұл жағдайда ауру асқынып кеткен, буын толықтай бұзылған еді. Емдеудің жалғыз тиімді жолы — эндопротездеу болды, — деді Тойымбетов.

Операция сәтті өтті, науқасқа заманауи эндопротез орнатылды. Алда оны оңалту кезеңі күтіп тұр.

Дәрігер медициналық көмекке дер кезінде жүгіну буынды сақтап қалуға және аурудың дамуын баяулатуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жамбас тұсындағы ауырсыну немесе қозғалыстың шектелуі байқалған жағдайда, ортопедке баруды кешіктірмеу керек.

Коксартроз диагнозы қойылған науқасқа жамбас буынын ауыстыру отасы сәтті жасалды