
Орталық қалалық клиникалық ауруханаға кең көлемді геморрагиялық инсультпен ауыр жағдайда түскен науқасқа Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамаларына сәйкес екі күн бойы толық көлемде медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлік консилиумдер өткізілді. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады – биологиялық өлім тіркелді.
Науқастың өмірден өткеннен кейінгі ағза донорлығына ресми келісімі болған. Оның үстіне оның жақындары да жазбаша түрде өз келісімін берді.
Алматыда алғаш рет мультиағзалық алу аясында Орталық қалалық клиникалық аурухана базасында офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимованың жетекшілігімен екі көздің алмасы сәтті алынды. Бұл өз кезегінде екі науқасқа көз шынайнасын ауыстыру – тұтас ойылған кератопластика отасын жасауға мүмкіндік берді. Оталар сол күні-ақ жасалып, сәтті өтті.
Көз шынайнасын трансплантаттаудың басты ерекшелігі – алынған тінді өте қысқа мерзімде, мүмкіндігінше алғашқы тәуліктің ішінде ауыстыру қажет. Әйтпесе, тіндер қасиетін жоғалтып, жарамсыз болып қалады, бұл науқастың көру қабілетін қалпына келтіру мүмкіндігінен айырады.
Екі ота да сәтті өтті.
Науқастар буллезді кератопатия және көз шынайнасының бұлдырлануы секілді ауыр патологияға шалдыққан еді. Бұл аурулар кезінде қабықтың құрылымы бұзылып, ісік пен кішкентай көпіршіктер (буллалар) пайда болады, соның салдарынан көру қабілеті күрт төмендеп, тіпті толықтай соқырлыққа әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда жалғыз тиімді ем – көз шынайнасын ауыстырып қондыру отасын жасау. Донорлықтың және Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлерінің кәсіби біліктілігінің арқасында екі науқас үшін де көру қабілетін қалпына келтіру және қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі туды. Отадан кейінгі кезеңде олардың көру функциясының жақсаруы болжанады.
Сондай-ақ мультиағзалық алу аясында донорлық жүрек Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта (бұрынғы Ішкі аурулар институты) науқасқа сәтті ауыстырылды. Реципиенттің жағдайы – қанағаттанарлық.
Бүйректер де Астана қаласына жіберіліп, балаларға трансплантатталды. Екі ота да сәтті аяқталды.
Осылайша, бір адамның донорлыққа берген келісімі еліміздің өңір-өңірінде бірнеше адамның өмірін құтқарып, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл – Қазақстандағы трансплантология саласының дамуы мен өліммен кейінгі донорлық мәдениетінің қалыптасуындағы маңызды қадам.