67 жастағы әйел Орталық қалалық клиникалық ауруханаға сол жақ ортаңғы ми артериясының бассейніндегі ишемиялық типтегі жедел цереброваскулярлық бұзылыспен түсті.
Бірінші кезекте жүргізілген тромболитикалық терапия нәтиже бермеді.
«Ангиографияда қан ұйығышының сол жақтағы ішкі ұйқы артериясын аузынан бастап толығымен жауып тастағаны анықталды», — дейді нейрохирург Ермек Сүлейменов.
Дәрігерлерге мүгедектікке, тіпті өлімге жол бермеу үшін қан ағымын қалпына келтіру міндеті жүктелді. Ота небәрі 35 минутқа созылды әрі осы уақыт ішінде нейрохирург, невропатолог және анестезиологтан тұратын көпбейінді топ аспирация мен механикалық тромбэктомияны қолдану арқылы біріктірілген әдіспен қан ұйығышын алып тастады. Дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында қанайналымы толығымен қалпына келтірілді және науқастың миы зақымдалмай аман қалды.
Ота үстелінде-ақ науқастың сөйлеу, көру және қол қозғалыс белсенділігі қалпына келтірілді.
Бұл үйлесімді жұмыс пен медициналық топтың жоғары біліктілігінің нәтижесі болды.