Қай жерде іздейміз ?


Баға көрсеткіші

Бөлімшелер

Мамандар

Жаңалықтар

Орталық қалалық клиникалық аурухана

Басты бет / Жаңалықтар / Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні

Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні

14.11.20

Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні 

Қарашаның 14-інде әлемде жыл сайын Эндокринолог күні және Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл күні канадалық дәрігер және физиолог Фредерик Бантинг дүниеге келді, ол дәрігерлер Чарльз Бест пен Джон Маклеодпен бірге 1922 жылы инсулин - қант диабетімен ауыратын адамдардың өмірін сақтайтын дәрі табуда шешуші рөл атқарды, сол үшін Нобель сыйлығымен марапатталды.
Адамның бүкіл өмірін гормондар басқарады - олардың арқасында біз жылаймыз, күлеміз, сүйеміз, қуанамыз және қайғырамыз.
Эндокринологтар біздің гормоналды денсаулығымызды күзетеді және бұл шынымен маңызды жұмыс. Көбею және бедеулік, өсу және жыныстық даму, семіздік, қалқанша безінің, бүйрек үсті бездері мен гипофиздің жұмысы эндокринологтардың «бақылау аймағына» кіреді.
Әйелдер мен ерлер үшін гормондардың деңгейін бақылау өте қажет, дегенмен, жасы ұлғайған сайын, кейбір гормондардың жетіспеу немесе асып кету проблемасы өзекті бола түседі. Гормоналды теңгерімсіздік ең ауыр ауруларға толы. Қант диабеті салдары бойынша осындай аурулардың ең ауыры болып саналады.
Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күнін Халықаралық диабет федерациясы (ХДФ) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 1991 жылы бүкіл әлемде қант диабетімен аурудың көбеюіне алаңдап белгіледі. 2007 жылдан бастап Дүниежүзілік қант диабеті күні Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) қолдауымен өткізіліп келеді. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы 2006 жылғы желтоқсанның 20-сындағы №A/RES/61/225 арнайы қарарымен жариялады.
Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күнінің логотипі - көк түсті шеңбер. Көптеген мәдениетте шеңбер өмір мен денсаулықты бейнелейді, ал көк түс барлық халықты біріктіретін аспан мен БҰҰ туының түсін білдіреді. Көк шеңбер - бұл қант диабеті эпидемиясына қарсы күрестегі әлемдік диабет қауымдастығының бірлігін білдіретін қант диабеті туралы хабардар етудің халықаралық символы. 
Бүгінгі күні әлемде 463 млн-нан астам адам қант диабетімен ауырады. Қазақстандағы Халықаралық қант диабеті федерациясының бағалауы бойынша 20 жастан 79 жасқа дейінгі 735 200 адам қант диабетімен ауырады.
ХДФ жыл сайын қазіргі күн тәртібіне және ауруға қарсы күрестің өзекті мәселелеріне сүйене отырып, Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күнінің негізгі тақырыбын анықтайды. 2020 жыл Халықаралық медбикелер жылы деп жарияланғандықтан, Дүниежүзілік диабетке қарсы күрес күні «Медбике және диабет» ұранымен атап өтіледі. Медбикелердің қант диабетімен ауыратын науқастардың өміріндегі алатын орны ерекше. Медбикелер пациентпен өзара әрекеттесуге белсенді қатысады, өйткені олардың күтімі мен қолдауының науқас үшін өмірлік маңызы бар.
2 типті қант диабетімен ауыратын адамдардың жартысына жуығы өзінің ауыратынын да білмейді, бұл диабеттің асқынуына әкеледі. Аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан бастап диагнозға дейін бірнеше жыл кетуі мүмкін. Қант диабеті соқырлықтың, ампутацияның және бүйрек жеткіліксіздігінің негізгі себебі болып табылады.
Артериялық гипертензиямен, жүректің ишемиялық ауруымен, жүрек жеткіліксіздігімен немесе қант диабетімен ауыратын науқастарға тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуге кеңес беріледі. Осындай созылмалы аурулары бар адамдар ауыр коронавирустық пневмония қаупіне ұшырайды.
Клиникалық бақылаулар коронавирус пен қант диабетінің өзара әсерін анықтады. Бір жағынан, қант диабетінің болуы Covid-19 бар науқастарда өлімге дейін ауыр асқынулар қаупінің артуын білдіреді. Статистикаға сүйенсек, коронавирустың салдарынан қайтыс болғандардың 20-30%-ы қант диабетімен ауырған.
Қант диабеті үшін қауіп тобына ауыр тұқым қуалайтын, артық салмағы бар, жүрек-қан тамырлары патологиясымен ауыратын адамдар, сондай-ақ 45 жастан асқан адамдар жатады. Тәуекел тобындағы адамдарға жылына бір рет қандағы глюкозаны бақылау қажет.
Ауруды бақылауда ұстап, толыққанды өмір сүру үшін: артық салмақтың алдын алу; дене шынықтырумен айналысу; темекі шегуден және алкогольді артық ішуден бас тарту; қандағы глюкозаның деңгейін, қан қысымын, жалпы холестеринді үнемі қадағалап отыру; айына кемінде бір рет эндокринологтың қарауынан өту, жылына кемінде бір рет - толық медициналық тексеруден өту; өзіңізді стреске ұшыратпау; дәрі-дәрмектерді дәрігердің нұсқауымен қатаң түрде қабылдау; терапиялық диетаны ұстану қажет.
Пандемия кезінде қант диабеті мен коронавирус қауіпті екенін есте ұстаған жөн. Қант диабетімен ауыратын науқастар Covid-19 жұқтырған жағдайда ауыр асқынулардың даму қаупі едәуір жоғары. Сондықтан, қазір диабетиктерге олардың әл-ауқатын бақылау қажет. Глюкозаның жоғары деңгейі иммунитетті төмендетеді, сондықтан денсаулықтың нашарлауына жол бермеу үшін бақылау қажет.
Диабеттік патология кезінде жаңа вирустық штамм пневмонияның күрделі созылмалы ағымына және тыныс алу жеткіліксіздігінің даму ықтималдығына байланысты үлкен қауіп төндіреді. Covid-19 жұқтырған кезде қандағы қант деңгейін бақылау және антигипергликемиялық терапияны жедел түрде реттеу маңызды.
Есіңізде болсын: жасыңызға қарамастан, үнемі аш болсаңыз, тез арықтап немесе салмағыңыз тез артса, аузыңыз құрғаса, дәретханаға жиі барсаңыз, ұзақ уақыт емделмейтін терінің пустулярлы зақымдануы орын алса немесе тез шаршасаңыз, дәрігермен кеңесуіңіз керек. Сіздің ыңғайсыздығыңыздың себебі қандағы глюкозаның қалыптан тыс деңгейінде болуы мүмкін.
Қант диабетін алдын-алудың негізгі ережелері:
- салауатты өмір салтын ұстану, жаман әдеттерден арылу;
- дене салмағын бақылау/қалыпқа келтіру;
- физикалық белсенді болу;
- дұрыс тамақтану (қант пен қаныққан майдың мөлшерін азайту);
- өзіңізге мұқият болыңыз - сау болыңыз!
Сізге және сіздің жақындарыңызға зор денсаулық тілейміз!